Жобаның мақсаты
Шет тілдерден енген терминдерді қазақ тіліне тиімді түрде бейімдейтін автоматтандырылған жүйе әзірлеу.
Жоба туралы
Қазіргі уақытта «Termincom.kz» сайтының қорында 383534 термин болса, оның 35680-і Мемлекеттік терминология комиссия отырысында мақұлданған, яғни бұл қордағы терминдердің 9,3%-і ғана. Жылына мөлшермен 2000 термин бекітіледі деп есептесек, барлық терминді қарап, мақұлдауға 174 жыл кетер еді. Бұл терминдерді бекітудің қазіргі тетігінің тиімсіздігін, нәтижесінің де ойдағыдай болмайтынын дәлелдейді. Мұндай жағдайда терминдерді игерудің жаңа амал-тәсіл, тетігін іздестіру аса қажет. Сондықтан бірінші кезекте шеттілдік кірме терминдерді жүйелеп, сұрыптап, оны қазақ тілінің ішкі заңдылықтары тұрғысынан сараптау – кезең күттірмес мәселенің бірі. Шеттілдік терминдерді игерудің сандық, сапалық деңгейін арттыру, жүйелеу, жүктеу үшін контентті цифрлық форматқа енгізу, әрі қарай оны машинаға оқыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жолымен автоматтандырылған жүйе құру көзделеді.
ЖОБА МІНДЕТТЕРІ
- шеттілдік терминбөлшектер құрылымы мен атқаратын қызметіне қарай лингвистикалық тұрғыдан жіктеледі; - шеттілдік терминдер құрылымдық тұрғыдан сарапталып, зерделенеді; - шеттілдік терминдердің сөзжасамдық, фономорфологиялық моделдерді айқындалады; - енгізілген контент негізінде терминдерді автоматты түрде игерудің ІТ әзірлемесі жасалады.
ЖОБА ТОБЫ
Терминком мүшелері, терминолог, лингвист ғалымдар, сала мамандары, тәуелсіз сарапшылар, ІТ мамандары, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері. Жоба тобының мүшелері шеттілдік терминдерді қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес игерудің әдіснамалық негіздерін жүйелейді, шеттілдік терминдерге лингвистикалық талдау жасайды, ұлттық терминологияны дамытуға қолайлы фономорфологиялық, лексика-синтаксистік шаблондарды іріктеп, жұмыстың мазмұнын қалыптастырады. ІТ-мамандары әзірленген контентті машинаға оқыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы автоматтандырылған жүйе жасайды.